Accessibility links

Ақтаудағы жарық мәселесі наразы жұртты көшеге шығарды


Маңғыстау облысы Ақтау қаласы. 15 маусым, 2023 жыл.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласы. 15 маусым, 2023 жыл.

Ақтаудың бірқатар бөлігі бірнеше күннен бері жарықсыз отыр. Берекесі кеткенін айтқан жұрт жергілікті биліктің ісіне наразылық білдіріп, қаланың орталық көшесіне шығып, көлік қозғалысын тоқтатты. Шенеуніктер мәселені шешудің жалғыз жолы – жедел түрде инженерлік желілерді жаңғырту дейді.

"Ешқандай дайындығы жоқ, жарықсыз, сусыз қала"

13 шілдеден бері Ақтаудың бірқатар ықшамауданы жарықсыз қалды. Жергілікті коммуналдық мекеме өкілдері мамандар тұтынушыларды электр қуатымен қамтамасыз етуді қалпына келтіру үшін күндіз-түні жұмыс істеп жатыр деп хабарлаған. Алайда жағдай әлі күрделі қалып отыр.

Сейсенбінің кешінде наразы тұрғындар Маңғыстау облысы орталығындағы бірқатар ықшамауданда жарықты қалпына келтіре алмай бірнеше күннен бері әбігерге түсіп жатқан жергілікті биліктің іс-әрекетіне көңілі толмайтынын айтып, орталық көшені жауып тастады. Кейбіреуі балаларын да ерте келген, себебі оларды қараңғыда үйде жалғыз қалдырудан қорықтық дейді.

– Үш күннен бері жарықсыз отырмыз! – деп айғайлады наразы жұрт.

Жарықсыз қалғанына наразы адамдар Ақтаудың орталық көшесіне жиналып тұр (видеодан скриншот)
Жарықсыз қалғанына наразы адамдар Ақтаудың орталық көшесіне жиналып тұр (видеодан скриншот)

Шілденің ыстығында электр қуатының болмауы халықтың күнделікті тұрмысына қолайсыз тиіп отыр.

– Электр жарығы өшкеніне екі күн болды. Тоңазытқыштағы тамақтың бәрі бүлініп, ағып кетті. Не болып жатыр өзі? Ақтаулық бастықтар, жауап беріңдер! Мынау нағыз былық қой! Көшеде 39 градус ыстық, адамдардың қан қысымы көтеріліп жатыр! – деп ашуланды тұрғындардың бірі.

– Жарық жоқ, үйде газ жоқ, лифт жұмыс істемейді, тіпті су да жоқ, себебі су айдайтын насос істемей тұр, – деп шағымданды екінші бір адам.

– Мұндай аптап ыстықта қаланың жартысы жарықсыз қалуы – жұртқа жасалған қиянат, – деді өзге де тұрғындар. – Аяз бола қалса – Ақтау дайын емес, жылу керек болса – дайын емес, жаңбыр жауса – тағы да дайын емес, ыстық болса да дайын емес! Біздің қаламыз неге дайын сонда?!

– Есесіне Гиннестің рекордтар кітабына кірдік, өйткені бізде бір мықты концерт өтті. Ал су мен жарық бізге керек емес екен, – деп кекетті қала тұрғыны.

– Ақтау – желдің астанасы, теңіздің астанасы, бірақ жарықсыз, сусыз қала, – деді тағы бір адам.

"Настоящее Время" арнасының видеосюжеті (орысша)

"Билік мәселені қашан, қалай шешпек?"

Ақтауда жарық үйлерде ғана емес, көшелердің көбінде де жоқ. Соның салдарынан бағдаршамдар жұмыс істемей, жол қозғалысы қиындаған.

Жергілікті шенеуніктер электр энергиясы мәселесін шешудің жалғыз жолы – жедел түрде инженерлік желілерді жаңғырту деп отыр. Өйткені ең оптимистік деген бағалауға сүйенсек, бұл желілердің тозу деңгейі 70 пайыздан асып кеткен.

Наразы жұрт "Билік мәселені қашан, қалай шешпек?" деген сұраққа әзірге тұщымды жауап алған жоқ. Жергілікті әкімдік өкілдері қаладағы коммуналдық кәсіпорындар қызметкерлерінің электр желілерін жөндеу жұмыстарын "ерлікпен" атқарып жатқаны жайлы түсірілген бейнероликтерді әлеуметтік желілерге таратумен шектеліп отыр.

Маңғыстау атом энергия комбинаты (МАЭК) жылу электр орталығының атауы жазылған тақта. Ақтау, 21 тамыз, 2023 жыл.
Маңғыстау атом энергия комбинаты (МАЭК) жылу электр орталығының атауы жазылған тақта. Ақтау, 21 тамыз, 2023 жыл.

– Ауа температурасының көтерілуіне байланысты қалада жоғары вольтты электр желілері ажыратылып, соның салдарынан жарық өшіп қалып жатыр, – деп түсіндіруге тырысты Ақтау қалалық энергиямен жабдықтау диспетчерлік қызметінің бас инженері Әтірбек Махамбетов 15 шілде күні өткен брифингте.

Сарапшылар кейінгі жылдары Ақтауда электр желілеріне түсетін жүк шамадан артып бара жатқанын айтады. Алайда бұл жағдай жергілікті шенеуніктердің жаңа тұрғын үйлер салуға рұқсат беруіне кедергі болмаған. Осындай жаңа нысандар іске қосылғаннан кейін қала тұтынатын электр қуатының көлемі тағы да күрт өседі. Ал мұның аяғы неге апарып соғатынын елестетудің өзі қорқынышты дейді тұрғындар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG