Трамп Ресейге қосымша санкция енгізуі мүмкін екенін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп 8 шілде күні Ақ үйде өткен үкімет жиынында Ресей президенті Владимир Путинге көңілі толмайтынын айтып, Ресей Украинадағы соғысты тоқтатуға ниет білдірмей отырғандықтан, оған қарсы қосымша санкциялар енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Трамп Путинді "бізге небір бос сөзді көп айтты" деп сөкті. Трамп Кремль басшысы онымен қарым-қатынаста өзін "сыпайы" ұстайтынын, бірақ іс жүзінде одан "ешқандай мағына жоғын" айтты, өйткені, Трамптың сөзінше, адам көп қырылып жатыр.

Ресейдің кейінгі іс-әрекеттеріне байланысты не істемекшісіз деген сұраққа Трамп "азғантай тосынсый" жасауым мүмкін деп жауап қатты. Ол бір топ сенатор әзірлеген Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы заң жобасын қарастырып жатқанын да айтты. Алайда, Трамптың сөзінше, ол құжатты қабылдау оның жеке пікіріне байланысты болмақ.

Бұған қоса президент АҚШ-тың Украинаға қару жеткізудегі рөлін тағы да атап өтті. Оның пікірінше, америкалық қарудың арқасында Киев қарсылық танытып, көпшілік ойлағандай 3-4 күнде жеңіліп қалған жоқ. Трамп жуырда Украинаға қорғаныс мақсатындағы жаңа қару-жарақ жеткізуді мақұлдағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, "Путин адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасамай отыр".

"Ол өте көп адам өлтіріп жатыр", – деді АҚШ президенті Ресей басшысы жайлы сөзінде.

Трамп бұл мәлімдемесін Пентагон "біз тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін және адам өлтіруді тоқтату мақсатында жұмыс істеп жатқан кезде, украиндердің өзін өзі қорғау қабілетін қамтамасыз етуі үшін" АҚШ Украинаға қосымша қару жібереді деп хабарлаған шақта айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пентагон өкілі АҚШ Украинаға қосымша қару-жарақ жөнелтеді деп мәлімдеді

Axios басылымы сейсенбі күні Дональд Трамп әкімшілігіндегі өз дереккөздеріне сүйеніп, Ақ үй басшысы Украина президенті Владимир Зеленскийге Киевке "Пэтриот" әуе шабуылынан қорғану жүйесіне арналған 10 зымыранды дереу жөнелтуге уәде берген деп жазды. Бұл жөнінде Трамп пен Зеленский өткен аптада телефонмен сөйлескен кезде айтылған. Axios дереккөздерінің хабарлауынша, Трамп Зеленскийге қару жеткізудің басқа жолдарын табуға көмектесуге де уәде еткен. Атап айтқанда, Вашингтон Германияның АҚШ-та шығарылатын "Пэтриот" жүйелерін сатып алып, оларды ары қарай Украинаға бергенін қалайды дейді басылым.

  • Шілденің басында Вашингтон кейбір қару түрлерін, соның ішінде "Пэтриот" жүйесіне арналған зымырандарды Украинаға жеткізуді уақытша тоқтату туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Бұл Киевті алаңдатып қойды.
  • 2025 жылдың қаңтарында АҚШ-та билік басына қайта оралғаннан кейін Трамп Украинадағы соғысты тезірек аяқтауға ниетті екенін бірнеше рет мәлімдеген. АҚШ әкімшілігі атысты тоқтатуға қол жеткізу мақсатында Ресеймен де, Украинамен де байланыс орнатқан. Алайда соғыс жалғасып жатқандықтан, әуелгі кезде Путинмен жақсы қарым-қатынастамын деген Трамп кейін Ресей басшысын да, Украина президенті Владимир Зеленскийді де сынға алды. Сейсенбі күні айтылған пікірлер – Трамптың Путинге қатысты ең қатқыл мәлімдемелерінің бірі. Содан бірнеше күн бұрын АҚШ пен Ресей президенттері телефонмен сөйлескен, алайда Трамптың айтуынша, соғысты тоқтату мәселесіне келгенде ол "әңгімеден ештеңе өнбеген".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Путинмен әңгімеден "ешнәрсе өнбегенін" айтты