Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты (ЕАҚС) Украина мен Нидерланд мемлекеттерінің Ресейге қарсы берген төрт мемлекетаралық шағымы бойынша шешім шығарды. Бұл шағымдар 2022 жылғы 24 ақпанда басталған Ресей басқыншылығына дейін және одан кейін Украинада адам құқықтарының жаппай бұзылуына, сондай-ақ 2014 жылы Донбасс әуесінде малайзиялық Boeing 777 жолаушы ұшағының апатқа ұшырауына байланысты берілген. Бұған дейін Нидерланд соты жолаушы ұшағы Ресейден жеткізілген "Бук" зенит кешенінен атылған зымыран тиіп құлағанын анықтаған еді.
Төрт шағым – үшеуін Украина және біреуін Нидерланд берген – бір іске біріктірілді. Олар 2014 жылы Донбаста қарулы қақтығыс басталғаннан бері адам құқықтары бұзылғаны, сол жылдан украиналық балаларды Ресейге заңсыз әкете бастағаны, 2014 жылғы 17 шілдеде Донбасс аумағына құлаған Boeing 777 жолаушы ұшағы апатының мән-жайы, сондай-ақ 2022 жылы басқыншылық басталғаннан кейін адам құқықтары өрескел бұзылғаны жайлы деректерді қамтиды.
Сот Ресей Украинада басып алған аймақтарда адам құқықтары "жаппай және жүйелі" түрде бұзғанын анықтады. Ондай іс-әрекеттер қатарында бейбіт тұрғындар мен тұтқынға түскендерді өлтіру, азаптау, заңсыз бас еркіндігінен айыру, украиналық балаларды Ресейге заңсыз әкету және украиндардың ұлттық бірегейлігін жою әрекеттері бар. Бұл – Ресей 2022 жылы Украинаға басып кіргеннен кейін халықаралық сот Мәскеуді адам құқықтарының бұзылуына жауапты деп таныған алғашқы жағдай, деп жазды Associated Press.
Еуропалық адам құқығы жөніндегі сот 298 адамның өліміне себеп болған MH17 жолаушы рейсінің апаты бойынша шешімінде әуеде ұшып бара жатқан Boeing ұшағын ресейлік "Бук" зениттік-зымыран кешені атып түсіргенін және оқиғаны бұлайша өрбуіне Ресей жауапты екенін атап көрсеткен. Қаза тапқандардың туыстарының өкілдері бұл шешімді маңызды қадам деп бағалады, өйткені халықаралық сот бұған Ресей жауапты екенін алғаш рет ресми түрде бекітті.
Сот шешімінің толық мәтіні әзірге жарияланған жоқ, бірақ шешім оқылған сәт тікелей эфирде көрсетілді.
Ресми Мәскеу Еуропалық адам құқығы жөніндегі соттың шешімдерін заңды деп танымайды және 2022 жылы наурызда Ресей Еуропа Кеңесі құрамынан шығарылғаннан кейін қабылданған шешімдерді орындамайды. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Нидерланд пен Украинаның талап-арыздары бойынша ЕАҚС шығарған шешімдерді Ресей мойындамайды деп мәлімдеді.
"Біз бұл шешімдерді орындамаймыз, оларды түкке тұрғысыз деп санаймыз", – деді Песков.
Malaysian Airlines әуе компаниясының MH17 рейсімен Амстердамнан Куала-Лумпурға жолаушы апара жатқан Boeing 777 ұшағы 2014 жылғы 17 шілдеде, Украинаның шығысындағы Ресей қолдайтын сепаратистер бақылауындағы аумақтан ресейлік "Бук" зенит қондырғысынан атылған зымыран тиіп құлаған. Ұшақта болған 298 адам түгел қаза тапты. Нидерланд соты "Бук" қондырғысы ол жерге Ресейден жеткізілгенін анықтады. Ұшақты атуға нақты кім бұйрық бергені әлі белгісіз қалып отыр. Ресей ұшақ апатына қандай да бір қатысы барын үзілді-кесілді жоққа шығарып келеді.