Axios: АҚШ Украинаға миллиардтаған доллардың қару-жарағын беруі мүмкін

АҚШ-тың Patriot әуе шабуылынан қорғаныс кешені

Дүйсенбі, 14 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға беріледі деп жариялаған америкалық қару-жарақтың "алғашқы легі" аясында АҚШ-тың НАТО-дағы одақтастарына жалпы құны 10 миллиард долларға жетеғабыл қару сатылуы мүмкін. Мұны Axios басылымы өз дереккөзіне сүйеніп жазды.

Украинаға жеткізілетін қару-жараққа қаржыны АҚШ-тың одақтастары төлейтінін мәлімдеген Трамп сөзінде "миллиардтаған доллар" жайлы айтқан. Егжей-тегжейі әлі ресми жарияланбаған жоспарда еуропалық одақтастар АҚШ-тан қару сатып алып, оны Украинаға беру қарастырылады деп айтылып отыр.

Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінен басқа, президент Трамп та, дүйсенбі күні ол Ақ үйде қабылдаған НАТО бас хатшысы Марк Рютте де Украинаға нақты қандай қару-жарақ жеткізілетіні туралы ашып айтпады. Алайда Axios пен басқа да бірқатар БАҚ-тың дереккөздеріне сүйенсек, әңгіме зымыран қару-жарағы мен артиллериялық оқ-дәрілер туралы болып отыр. Қай зымыран түрлері жөнінде сөз болып отырғаны нақты айтылмағанымен, Axios олардың арасында Мәскеуге соққы жасауға мүмкіндік беретін алыс қашықтықтағы зымырандар болуы мүмкін екенін жазады.

Трамп бұған дейін Украинаға қорғаныс қарулары берілетінін мәлімдеген еді, алайда дүйсенбі күні ол қандай қару-жарақ берілетінін нақтыламады.

"Бұл Украинаға әуе шабуылынан қорғану жүйелерін де, зымырандарды да, оқ-дәрілерді де көп көлемде алуға мүмкіндік береді", – деді Трамп.

НАТО бас хатшысы да Украина "шынымен де әскери техниканың ауқымды көлеміне, соның ішінде әуе қорғанысы құралдарына, зымырандарға және оқ-дәрілерге" қол жеткізе алатынын айтты. Оның сөзінше, келісімді іске асыруға Финляндия, Дания, Швеция, Норвегия, Ұлыбритания, Нидерланд пен Канада қатысады.

Дүйсенбі күні Киевте Украина президенті Владимир Зеленский мен Трамптың арнайы өкілі Кит Келлог қару-жарақ жеткізу мүмкіндіктерін талқылады. Зеленский сол күні кешке жариялаған үндеуінде Украина қандай қару түрлерін алудан үмітті екенін айтқан жоқ, тек Patriot жүйелерін ғана сөз арасында атап өтті. Бұл ретте ол АҚШ-ты ғана емес, оған қоса Германия мен Норвегияны да атады. Бұған дейін БАҚ АҚШ одақтастарын өзінде бар Patriot жүйелерін Украинаға беруге көндіруге тырысуы мүмкін деген ақпарат жариялаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Ресейге Украинамен "мәмілеге" келуге 50 күн уақыт берді

Украинаға қару жеткізу туралы мәлімдемеден бөлек, дүйсенбі күні президент Трамп Ресейге Украинамен бейбіт келісімге келуге 50 күн уақыт беретінін, егер осы мерзім аяқталғанға дейін мәмілеге келе алмаса, онда Ресейге және одан энергия түрлерін тасымалдайтын елдерге аса ірі көлемде кедендік баж енгізілетінін ескертті. АҚШ президенті Ресейдің әрекетіне көңілі толмайтынын айтып, әйткенмен бейбіт келісім жасалатындығынан үміт үзбегенін білдірді.