Астана Ауғанстандағы жобаларға қызығушылық білдірді

Қазақстан сыртқы істер министрі, вице-премьер Мұрат Нұртілеу "Талибанның" өнеркәсіп және сауда министрі Нұридиин Әзізбен кездесу кезінде. Кабул, 11 шілде 2025 жыл.

Қазақстандық компаниялар Ауғанстан аумағындағы ірі жобаларға қатысқысы келеді деп мәлімдеді Қазақстан сыртқы істер министрі, вице-премьер Мұрат Нұртілеу Кабулда тәліптер үкіметінің жоғары лауазымды шенеуніктерімен кездесу кезінде.

"Талибан" үкіметінің экономика жөніндегі вице-премьері Абдул Ғани Барадар Торғынды – Герат темір жол жобасын инвестициялау мақсатында Қазақстанмен 500 млн долларлық меморандумға қол қойылғанын хабарлады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратқан ресми хабарламада құйылған қаражат көлемі айтылмайды. Онда "пәкістандық порттар бағыты бойынша жүк тасымалдарын қамтамасыз ете алатын «Торғынды-Герат» теміржолын салу мәселесі" қарастырылып жатқаны жазылған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Мұрат Нұртілеу Ауғанстанға сапары барысында сауда-экономика, транзит пен ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау және цифровизация саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған.

Ол тәліптер үкіметінің сыртқы істер министрі, өнеркәсіп пен сауда министрлерімен кездескен. "Талибан" жағынан сыртқы істер мәселелеріне жауапты Әмір Хасан Муттаки Нұртілеумен екіжақты қарым-қатынасты дамыту, оның ішінде "саяси түсіністікті нығайту" мәселелерін талқылағанын мәлімдеді.

2023 жылы желтоқсанда Қазақстан "Талибанды" террористік ұйым тізімінен шығарып тастайтынын мәлімдеген. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің өкілетті тұлғаларына қарата сөйлеген сөзінде Талибанды "ұзақмерзімді фактор" деп атап, Ауғанстанмен сауда-экономикалық әріптестікті дамытудың маңызына тоқталған.

Қазақстан Ауғанстанға астық пен үн тасымалдайды. Ауғанстан Қазақстанға жеміс-жидек, ішімдіксіз сусындар сатады.

Биыл сәуірде Кабулға Қазақстан ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин барған, сол кезде Астана Ауғанстанның темір жол жобасына жарты миллиард доллар қаражат инвестиция құюға дайын екені айтылған еді. Қазақстан тәліптер үкіметін ресми түрде мойындамаған.

Орталық Азия елдері кейінгі жылдары тәліптермен сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытып келеді. "Талибанды" террористік ұйым ретінде танымаған Өзбекстан мен Түркіменстан ауғандармен сауда қатынасы мен диалогты жандандырды. Қазақстанмен қатар Қырғызстан да 2024 жылы "Талибанды" террористік ұйымдар тізімінен алып тастады. Дегенмен Тәжікстан тәліптерге қатысты қатаң көзқарасын өзгерткен жоқ. Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон тәліптерді Ауғанстанның солтүстігінде тұратын этникалық тәжіктердің мүддесін де қорғайтын инклюзивті үкімет құруға шақырған.

Биыл Ресей де "Талибанды" террористік ұйымдар тізімінен алып тастады. Ресей бидігі бірнеше жылдан бері тәліптермен қарым-қатынасты дамытып, тәліптер делегациясын Мәскеуде жылы қабылдап келеді. Өткен аптада Мәскеу "Ауғанстан ислам эмиратын" (тәліптер берген ресми атау) ресми түрде мойындады.

Батыс елдері "Талибанды" Ауғанстанның заңды үкіметі деп мойындамайды.