Арменияда теракт дайындады деген күдікпен 7 адам ұсталды

Армения полициясы "теракт дайындады" деген күдікпен елдегі ресейшіл оппозициялық партиямен байланысы бар жеті адамды ұстаған. Олардың үйлерінде тінту жүргізілген.

Reuters агенттігінің жазуынша, ұсталған адамдар – "Дашнакцутюн" деген атауымен де белгілі Армян революциялық федерациясы (АРФ) партиясының мүшелері. Бұл партия Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян басқаратын ресейшіл "Армения альянсы" атты парламенттік коалицияға кірген.

Арменияның Тергеу комитеті жеті адамның ұсталғанын, олардың біреуіне "теракт дайындау" бабы бойынша айып тағылғанын хабарлады. Билік орындары ұсталған адамдардың аты-жөнін жарияламады. АРФ мәліметіне сүйенсек, бірқатар депутаттың үйінде тінту жүргізіліп, бір депутат және тағы бір депутаттың ұлы қамауға алынған.

Оппозиция бұл оқиғаны саяси астары бар қудалау деп атап, биліктің әрекетін айыптады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әзербайжан президенті мен Армения премьер-министрі Әбу-Дабиде кездесті

Арменияда күдіктілерді ұстау елдің премьер-министрі Никол Пашинян Әбу-Дабиде Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен кездескен уақытқа тұспа-тұс келді. Ол кездесу екі ел арасындағы қақтығысты тоқтатуды мақсат еткен бейбіт келісімнің егжей-тегжейін талқылауға арналды.

2018 жылы Арменияда жаппай наразылықтардан кейін билікке келген Никол Пашинян басқаратын үкімет Батыспен жақындасу бағытын ұстанып, Арменияның көп уақыттан бергі дәстүрлі одақтасы – Ресейден алыстай бастаған.

Кейінгі апталарда Арменияда қазіргі үкіметке қарсы оппозициялық күштер мен билікті сынап жүргендерге қысым күшейген. Оппозиция өкілдерімен қатар қоғамда беделді қайраткерлер де қудалауға түсті, олардың арасында Армян апостол шіркеуінің архиепископы Баграт (Вазген Галстанян) та бар. Құқық қорғау органдары "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынды" деген күдікпен ұстаған олар өздеріне тағылған айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Арменияда апостол шіркеуінің архиепископы ұсталды. Ол билікті құлатуға шақырды деп айыпталды
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ереванда ресейлік миллиардер Карапетянның компаниясында тінту жүргізілді