Ақша жымқырды деп айыпталған Biz Birgemiz Qazaqstan қорының бұрынғы басшысының соты басталды

Перизат Қайрат (видеодан скриншот)

9 шілде күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық арнаулы сотында Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Екеуіне мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ Қазақстандағы су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстардан зардап шеккен жандарға қайырымдылық көмек ретінде жиналған қаражатты жымқырды деген айып тағылып отыр.

9 шілдеде бұл іс бойынша сот басталатыны жайлы алдын ала хабарланған жоқ. Астана қаласы сотының баспасөз қызметі алдын ала сот отырысы басталғанын растады.

"Бүгін алдын ала сот отырысы өтті. Баспасөз қызметі ешкімге – жекелей де, ортақ чат арқылы да – шақыру жолдаған жоқ. Бүгін сотта түрлі өтініштер қарастырылып жатыр. Судья сот отырысы ашық не жабық форматта өтетінін анықтау үшін кеңесу бөлмесіне кетті. Шешім шыққан соң қосымша ақпарат беріледі", – деді баспасөз қызметі ресми хабарламада.

БАҚ айыпталушылар істі жабық режимде қарауды сұраған деп жазды.

Перизат Қайрат былтыр қараша айында ұсталған. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегіне сәйкес, күдікті Астанадағы төрт элиталық тұрғын үй кешенінен пәтерлер, сондай-ақ Mercedes-Benz S450, Lexus LX-600, Haval маркалы автокөліктер мен қымбат бұйымдар сатып алған. Кейін оған қосымша, Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсетуге жиналған 200 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Перизат Қайрат тергеу кезеңінде екі айға қамауға алынып, кейін оның мүлкі бұғатталды.

Айыпталушылар тарапы олардың тағылып отырған айыппен келісетіні не келіспейтіні жайлы ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ.

Перизат Қайрат ісі қоғамда үлкен резонанс тудырып, Қазақстан билігі "Қайырымдылық қызмет туралы" заңға өзгертулер енгізуге кірісті. Ұсынылып отырған өзгертулер арасында мыналар бар:

  • қайырымдылық қоры аккредиттеуден өтуге міндетті;
  • төтенше жағдай кезінде қаражат жинауға рұқсат етілетін ұйымдарды әкімдіктер белгілейді,
  • өз бетінше рұқсатсыз қаражат жинаған жеке адамдарға айыппұл салу.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қайырымдылықты реттеу. Алаяқтықпен күрес пе, саланы бақылау ма?