АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 10 шілде күні Куала-Лумпурдағы АСЕАН қауіпсіздік жөніндегі өңірлік форумы аясында екіжақты кездесу өткізді.
Ақпарат агенттіктері кездесу 50 минутқа созылған деп хабарлады. Онда Ресейдің Украинаға қарсы соғысы, Иран мен Сирия төңірегіндегі жағдай, АҚШ пен Ресейдің дипломатиялық өкілдіктерінің жұмысын қалпына келтіру мәселелері талқыланған. Ресей жағы сонымен қатар екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта жандандыру мәселесін де қозғаған.
Ресейдің сыртқы істер министрлігі Куала-Лумпурдағы кездесуде Лавров пен Рубио "қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге, Ресей мен АҚШ арасындағы экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты қалпына келтіруге, сондай-ақ екі ел халықтарының еркін байланысына жәрдемдесуге өзара ниетті екендерін растады" деп хабарлады.
Кездесу барысында Рубио Ресейдің Украинадағы қарулы жанжалды бейбіт жолмен шешу мәселесінде икемділік танытпай отырғанына көңілі толмайтынын айтқан, деп жазды Reuters. Рубионың сөзінше, АҚШ бұл қақтығысты тоқтатудың "жол картасын" көргісі келеді. АҚШ НАТО-дағы одақтастарын өздеріндегі Patriot әуе қорғаныс жүйелерінің бір бөлігін Украинаға беруге көндіруге үміт артып отыр, деп мәлімдеген Рубио. Ол Лавровпен әңгімесін "ашық әрі маңызды" деп атады.
Бұған қоса Рубио өзіне Лавров Украинадағы соғысты аяқтау жөнінде бұған дейін айтылмаған Ресейдің жаңа ұсыныстары жайлы әңгімелегенін хабарлады.
"Бұл жаңа әрі бұрынғыдан өзгеше болады деген ойдамын... Мұны бейбітшілікті қамтамасыз ететін шешім деп айта алмас едім, бірақ бұл – біз президентке жеткізетін тұжырымдама", – деп мәлімдеген Рубио. Алайда АҚШ мемлекеттік хатшысы ол ұсыныстардың нақты мазмұны жайлы егжей-тегжейлі мәлімет бермеді.
Рубио мен Лавровтың келіссөзі Ресей Киевке кезекті рет ауқымды шабуыл жасағаннан кейін бірнеше сағаттан соң өтті. Шабуыл салдарынан кемінде екі адам қаза тапқан. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты жалғастырып отырған Ресейдің іс-әрекетін сөгіп, президент Владимир Путинді қатты сынға алған. Трамп Киевке берілетін әскери көмекті арттыру жоспары барын мәлімдеген.
Рубио мен Лавров мұның алдында биыл ақпанда Сауд Арабиясында кездескен, олар тұрақты түрде телефонмен байланысып тұрады. Малайзиядан кейін Лавров Ресей әскери ынтымақтастығын нығайтып жатқан Солтүстік Кореяға бармақ.